Осы аптада республика аумағында Репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Апталық репродуктивті денсаулықтың маңызын жеткізуді мақсат еткен. Сондай-ақ, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясының алдын алу жолдары жайлы түсіндіру жұмысы өткізілуде. Акция аясында жастарға арналған дәрістер, ашық есік күндері мен тренингтер ұйымдастырылады.

Кең ауқымды науқан көбіне жастар, қыз-келіншектер мен отбасын құрған ерлі-зайыптылар үшін аса пайдалы. Дәрігерлердің емханаларда ғана кеңес беріп қоймай, оқу орындарын аралап бозбалалар мен бойжеткендерге түрлі аурулардың алдын алу жолдарын түсіндіруі маңызды. Репродуктивті денсаулық жайлы айтары бар ақ халаттылар апта басталғалы арнайы дәрістер оқып жүр. Осының арқасында кез келген адам денсаулықты нығайту, жүктілікті жоспарлау мәселелері бойынша мамандардан тегін кеңес ала алады.

Дәрігерлер жүктілікті жоспарлау кезінде ерлі-зайыптыларға алдын ала тексерістен өтуге, дұрыс тамақтануға, белсенді саламатты өмір салтын ұстану мен зиян әдеттерді тыюға кеңес береді. Ашық түсіндіру, ақпараттандыру арқасында өңірде оң динамика байқалуда. Жасөспірімдер арасындағы босанулар саны соңғы үш жылда 57-ден 50 жағдайға дейін азайған. Кәмелетке толмағандар арасындағы түсік жасау саны да қысқарды. Соңғы жылда 1 256 ақпараттық-ағартушылық іс-шара өткізілген. Айта кетейік, қазір республика өңірлерінде «103» «Жастар денсаулығы орталығы» да жұмыс істейді. Соның ішінде облыстағы орталыққа 15 295 өтініш тіркелген.