Өскеменде өрт сөндірушілердің каскасын жинайтын коллекционер тұрады. Бүгінде оның топтамасында ерекше экспонаттың 100-ден астам түрі бар. Олардың арасында шетелдік өрт сөндірушілердің қорғаныш шлемдері де аз емес. Жастайынан жалынмен арпалысып, қауіп-қатері көп жұмысты жанына жақын хоббимен үйлестіре білген азаматпен әріптесіміз Қымбат Иманғалиева тілдесіп қайтты.
Игорь Ильичев - өрт сөндіру қызметінің ардагері. Еңбек жолын курсанттықтан бастап, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілген. Бүгінде отставкадағы полковник. Жеке коллекциясында 100-ге жуық мемлекеттен жиналған 150 каска бар.
Тәжірибелі өрт сөндіруші ең бірінші касканы осыдан 30 жыл бұрын Қытайдан әкеліпті. Содан бері іс-сапарға немесе саяхатқа шыққанда оларды жинауды әдетке айналдырған. Кейбірін интернет арқылы тапсырыспен де алдыртқан. Игорь Ильичевтың қызығушылығын білген әріптестері мен достары да оған өрт сөндірушінің бас киімін жиі сыйлайды екен.
Коллекционер әрбір касканың тарихын жақсы біледі. Қай жылы жасалғанын, қайдан жеткізілгенін жазып, есебін жүргізіп отырады.
Өскемендік азамат каскаларының саны бойынша Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде алғашқы орында. Соңғы бірнеше жылдан бері оған тиесілі 100-ге жуық каска Семей қаласындағы өртке қарсы қызметтің музейіне қойылған. Бұл жерге жылына 3 мыңнан аса адам келеді екен.
Игорь Ильичев – өрт сөндіру-құтқару спортының майталманы, КСРО-ның спорт шебері. Зейнетке шыққанына 6 жылдан асса да, сүйікті кәсібінен қол үзбеген. Бүгінде Өскемендегі колледжде дәріс оқып, жастарға білгенін үйретіп жүр. Ол каскадан бөлек өрт сөндіру ойыншық машиналарының да түрін жинап қойған.