Репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтіп жатыр. Шара аясында денсаулық орталықтарында ашық есік күндері, жастар мен жасөспірімдер сондай-ақ ата-аналар үшін тегін медициналық тексерулер мен консультациялар өткізіледі. Апталықтың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия сарапшылары халықтың репродуктивті денсаулығын нығайту бойынша ұсыныстар кешенін енгізеді.

Репродуктивті денсаулық – тек медицина саласына ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды фактор. Себебі, дені сау ұрпақ – ұлт болашағы.

Мамандардың айтуынша, болашақ ата-аналар өз денсаулығына ерте жастан көңіл бөлуі тиіс. Уақытылы тексеріліп, қажетті профилактикалық шаралардан өту – ана мен баланың денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолы.

Апталық барысында тұрғындарға андролог, уролог, балалар гинекологі және репродуктологтар тегін кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды ашық есік күндері мен басқа да скринингтік тексеруден өтуге белсенді қатысуға шақырады.