Зайсан ауданында «Құлын-су» атауымен белгілі бастау бар. Таза әрі жұмсақ суымен елге танымал бұл бұлақ бүгінде жаңа келбетке ие болды. Дайыр ауылындағы Мүкәрама мектебінің 1985 жылғы түлектері туған топырағына тағзым етіп, көздің қарашығындай көретін қасиетті орынды абаттандыруды қолға алған.

Бұл бұлақты жергілікті жұрт «Құлын-су» деп атайды. Жұмсақ әрі шипалы суын іздеп, мұнда тек Зайсаннан емес, еліміздің түкпір-түкпірінен азаматтар келеді. Алайда, қыста су алудың машақаты көбейетін көрінеді. Мұны ескерген Дайыр ауылындағы Мүкәрама мектебінің 1985 жылғы түлектері ортақ бастама көтеріп, бұлақ басын абаттандыруды қолға алған.

Туған өлкені түлету — әр азаматтың парызы. Табиғи байлықты сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Құлын-су» енді жаңарған келбетте алыс-жақыннан келетін қонақтарды қарсы алуға әзір. Ал туған жерін ардақтаған азаматтардың ісі — өзгелерге үлгі болары сөзсіз.