Облыс орталығында жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Шығыс маманы» атты бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс берушілермен бетпе-бет кездесуге мүмкіндік беретін шарада жоғары оқу орындарының түлектері мен екі қолға бір күрек таппай жүргендерге ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жәрмеңкенің мақсаты – өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Шарада жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қарасы қалың. Қолына дипломын алған жас мамандар үшін мұндай жәрмеңке таптырмас мүмкіндік.
Жәрмеңкеге жүзден астам жұмыс беруші қатысты. Олар мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Түрлі мекемелер мен компания өкілдері өздерінің талап – тілектерін айтып, қандай мамандар қажет екенін жеткізді.
Жәрмеңкеге екі мыңға жуық түлек қатысты. Қатысушылар үшін «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» «Дипломмен ауылға» жобалары бойынша кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылды. Шара аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.