Биыл аймақта балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтыруын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға 634 млн. теңге бағытталады. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады.
Облыс бойынша 93 мыңнан астам оқушы жазғы демалысқа шығады. Оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға көңіл бөлінбек. Бұл елдің мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым міндеттерінің бірі.
Бұдан бөлек, демалыс орындарында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында арнайы мониторингтік топтар жұмыс істейді. Балалардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болады, дейді мамандар.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру ұйымдарының мұғалімдері, 250 медицина қызметкері, колледждер мен ЖОО студенттері тартылады.