Өскеменде қалалық полиция басқармасы жергілікті прокуратура қызметкерлерімен бірге автошеру өткізді. Шара аясында тәртіп сақшылары жол ережесін сақтамау қандай жағдайға әкеп соғуы мүмкін екенін нақты көрсетті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан бүлінген жеңіл көлік тиелген эвокуаторлар қала көшелерімен жүріп өтті. Шараның мақсаты - бекітілген ережені сақтамаудың арты қандай жағдайға душар етуі мүмкін екенін халыққа жеткізу.

Жыл басынан бері қала аумағында 55 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 73-і түрлі дене жарақаттарын алған. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен 9 жағдай орын алған.

Ал прокурорлар соңғы кезде автокөліктерді ұрлау фактілері жиілегенін айтады. Олардың басым бөлігін көлікті техникалық қызмет көрсету орталығынан ұрлап, артынша жол-көлік оқиғасына түскендер құрайды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң бұзушылыққа жол бермеуге, бекітілген ережелерді қанаң сақтауға шақырады.