Нашақорлық - қазiргi қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Осыған орай «Есірткісіз болашақ» қорының өкілдері Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттерімен кездесті. Кездесуде есірткі заттарының зияны мен салдары туралы айтылды. Акцияға облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері мен дәрігерлер қатысты.

Шараның мақсаты - жастар арасында есірткі тұтынуды болдырмау. Қатысушыларға барынша есірткіге тәуелділік, оның залалы туралы ақпарат ұсынып, қоғамды нашақорлықтан арашалап қалу,-дейді ұйымдастырушылар.

Есірткіге тәуелділік - бұл жиырма бірінші ғасырдың басты проблемасы. Жыл өткен сайын оны тұтынатын жастар саны көбейген. Мәселен, қазір жастар есірткіні 14 жастан бастап қолдана бастады, - дейді мамандар.

Жиында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Мұндай құқық бұзушылық үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Акция барысында студенттер есірткі туралы ақпаратты мұқият тыңдап, мамандарға сауалдарын қойды. Жастар есірткісіз болашақты таңдайтындарын жеткізді.

 «Есірткісіз болашақ» жобасы есірткі сату бойынша жеделхаттарды бұғаттаумен, жастар мен олардың ата-аналарына тренингтер өткізумен айналысады. Психологиялық көмекте көрсетеді.