Мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл ақпанда шығысқа жасаған сапарында елде машина жасау саласына тың серпін беру қажет екендігі айтқан болатын. Ал ол үшін инженерлерді даярлайтын шеберхана ашу міндеті қойылған еді. Президент пәрменін іске асыру мақсатында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында «Лу Бань» шеберханасының негізі қаланды. Екі зертханадан тұратын орталықта студенттер автомобильдердің смарт технологияларын меңгереді. Яғни жасанды интеллект арқылы көлік жүргізу мен түрлі қауіпсіздік жүйелерін жасау жағын үйренеді.

Ал екінші зертханада жігіттер қытайлық электр көліктерін құрауды, оның қалай жасалатынын толық меңгеріп жатыр. Шеберхананы Қытайдың Тяньцзинь институты керек-жарақпен қамтыған. Бұдан бөлек, 15 оқытушы қытайда біліктілігін арттырды.

Шеберхана екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түспек. Оқу-өндірістік орталықты ашуға Қытай мемлекеті инвестиция құйған. Бұл жоба арқылы екі мемлекет машина жасау саласында мамандарға академиялық білім беруді көздейді.

Халықаралық ынтымақтастықтың жемісін білім ошағының студенттері көріп отыр.

Қазір электр көлік нарығын Қытай жаулап жатыр. Тіпті шығарылатын машиналардың жартысы осы елге тиесілі. Біз де көштен қалмауымыз керек. Сондықтан қытай технологиясын елімізге әкеліп, «Лу Бань» шеберханасын елімізде ашу туралы бастаманы былтыр мемлекет басшысы Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде көтерген болатын.