Облыс әкімі Даниал Ахметов ТЖД мамандары және комуналдық қызмет өкілдерімен бірге сел жүру мен су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралар легімен танысты.Қазіргі таңда өңірдегі бөгеттер жөнделіп, жер асты құбырлары тазартылды.
Су тасқынының алдын алу мақсатында ондаған шақырым бөгеттер жөнделіп, жер асты құбырлары тазартылды. Ал, өңір аумағында жалпы көлемі 130 мың текше метрден астам қар шығарылған. Өңір әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, табиғи апаттың алдын алу және салдарын жою үшін  қаңтар айының соңына дейін тиісті жұмыстар жедел атқарылуы тиіс.
Ауа-райы күрт жылынып кеткен жағдайда наурыздың аяғы мен сәуірдің басында өңірдің кей аумақтарын су басуы мүмкін. Әсіресе,  Шемонаиха, Глубокое, Ұлан ауданы мен Алтай өңірі жіті бақылауда болуы тиіс. Қазір құтқарушылар осы кезеңге тыңғылықты дайындалып жатыр. Ал, Зайсан ауданына қарасты «Үйдене»  гидротехникалық құрылысы мен Самар ауданындағы бөгеттің жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр.
Аймақта жылжымалы жедел топтар барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Эвакуациялау пункттері де төтенше жағдайға дайын. Қазірдің өзінде тоғыз су қоймасына белгі беріліп, жұмыстарын бастады.
Бұл маусымға барлығы 75 арнайы техника, 120 бірлік күштер мен құрылымдар, 4 тіркеме және 20 жылжымалы мотопомпа дайындалды. Су тасқынының алдын алу мақсатында 5000 қап, 400 тонна құм, 70 тонна жанар-жағармай әзірленді. Сондай-ақ алдағы уақытта тағы арнайы 10 жылжымалы мотопомпа сатып алу жоспарда бар.