Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана тың бастаманы қолға алды. Енді «Сиқырлы дойбы әлемі» атты жоба аясында кітапхана қызметкерлері ерекше балаларға арналған мектеп-балабақшада апта сайын дойбы сабағын өткізеді.

Үстел ойындарының балалар үшін пайдасы мол. Ал ерекше қажеттіліктері бар балғындарға бұл тек ойын-сауық емес, түрлі дағдыларын дамытуға зор мүмкіндік. Біріншіден, дойбы ойны көру қабілеті бұзылғандарға ең қауіпсіз спорт түрі болса, екіншіден, ойлау мен есте сақтау қабілетін дамытуға сеп болады, - дейді жоба авторы Гүлбану Күзекпаева.

Көзі нашар көретіндерге арналған арнайы дойбылар ерекше пішінге ие. Мұғалімдер ойын балалардың әлеуметтенуіне де көмектесетінін айтады. Себебі, бұл процесте балалар бір-бірімен белсенді араласады.

Сабақ барысында балалар Брайль қарпімен басылған кітаптарды оқуды үйренеді. Бұдан бөлек, кітапхана қызметкерлері ұйымдастыратын түрлі шараларға қатысады.