«Таза Қазақстан» акциясы аясында риддерліктер белсенділік танытты. Көшет отырғызуға 50-ге жуық адам атсалысты. Шарадан мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері мен еріктілер, студенттер шет қалмады. «Жасыл аймақ» апталығы аясында қылқан жапырақты көшеттер көше бойына отырғызылды.

Туған жерді түлетіп, айналасын көгалдандыру мақсатында риддерліктер экологиялық акция аясында «Өз көшетіңді отырғыз» шарасын ұйымдастырды.

Риддерлік колледж ұжымы әсіресе, оқытушылар жастарға қоршаған ортаны қорғау қаншалықты маңызды екенін осындай шара арқылы жеткізуге тырысты. Жергілікті тұрғындарды акцияға қатысып, белсенділік танытуға шақырды.

Мемлекеттік орган қызметкерлерімен қатар қоғамдық бірлестік өкілдері, студенттер көше бойына көшет отырғызып, қаланы көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

Жергілікті тұрғындарға қарағай мен шырша көшеттері таратылып берілді. Олар да өз аулаларына көшет отырғызып, туған жердің табиғатын көркейтуге үлес қосуда.

 «Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың бірлігін арттырып, бірлескен жұмыс нәтижесінде қала көркінің одан әрі ажарлана түсуіне септігін тигізді.