Болашақта шығысқазақстандық фармацевтика, косметология өнімдері әлемдік нарыққа шығуы мүмкін. Аймақ басшылығының Шығыс Қазақстан-Вьетнам ынтымақтастығы аясында ұсыныс білдірген бағытының бірі осы. Өңірдің табиғи байлығын ескерсе, оған әлеует жетіп тұр. Облыс әкімі Ермек Көшербаев Вьетнам Социалистік Республикасының делегациясымен кездесуде осылай деді. Екі тараптың бас қосуында металлургия, агросектор, жеңіл өнеркәсіптегі әріптестік кеңінен сөз болды.

Шығыс Қазақстан – түсті металлургияның отаны. Қорғасын, мырыш алтын, күміс тіпті, тантал, ниобий, бериллий сияқты сирек металлдар шығыстың қолат-қойнауында мол. Ауыр өнеркәсіптегі Шығыс Қазақстан-Вьетнам серіктестігінің бір бағыты осында жатыр, деп бастады Ермек Көшербаев. Әкімнің айтуынша, вьетнамдық инвесторлар қазақстандық уран өндірісі ісіне еркін ене алады. Бұл ретте Өскемендегі Титан-магний комбинатымен мақтана аламыз. Себебі, шығыстың титаны әлемдік титан өндірісінің 11% үлесін құрап отыр. Ал, әлемдік авиация құрылысында қазақстандық титанның үлесі 18%. Авиация демекші, аймақ басшысы айналсоқтамай, тікелей Вьетнам мен Өскеменді жалғайтын әуе жолын ұйымдастыруға ұсыныс айтты. Бұл көлік-логистика, туризм, тауар саудасына халықаралық деңгейде тың серпін бермек. Өйткені, Қазақстан, нақты айтқанда Шығыс Қазақстан географиялық жағынан екі алып құрлық – Еуропа мен Азияға ең жақын нүкте.

Медицина, фармацевтика саласында да әріптестік қатынасқа негіз көп. Шығыс – пайдалы өсімдіктер мен табиғи өнімдердің өңірі. Алтайдың омарта шаруашылығы шаш етектен пайда. Ал, балы тағам өндірісінен бастап дәрі-дәрмек жасауға дейін жетеді. Шығыстың бұл істе Вьетнамнан үйренері көп. Медицина жайлы сөз қозғалып еді шетелдік делегация өкілі облыс әкіміне әйгілі вьетнамдық «Звезда» жақпамайын әкеп берді.

Екінші тарап елдер арасындағы алыс-беріс, сауданы дамытуға ниетті екенін ашық білдірді. Елшінің айтуына қарағанда, өңір ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларымен де мықты серіктестік орнап жатыр.

Шығыс әріптестік орната алатын тағы бір сала – ауылшаруашылығы. Соның ішінде майлы дақылдар өндірісінде өңір республикада көш басында. Әсіресе, өсімдік майларын дайындағанда күнбағыс өндірісінің толық сатысын ұйымдастыра алады. Киім, аяқ-киімдер тігу ісінде Вьетнам ілгері. Сол үшін аймақ серіктес елдің мол тәжірибесіне мұқтаж.

Шығыс Қазақстан басшылығының Вьетнам Социалистік Республикасы өкілдерімен бұл соңғы кездесуі емес. Жиналыс соңында шетелдік тарап облыс әкімдігін өз елдеріне шақырды. Инвестициялық, тауар, сауда туралы ресми келісімдер күз айларына жоспарланды.