Облыс әкімдігінің кезекті отырысында қалалар мен аудандарды абаттандыру мәселесі талқыланды. Елді мекендерді бірыңғай архитектуралық стилге келтіру жағы да сөз болды. Алда іске асатын жобалар туралы әріптесім тарқатсын.

Биыл қалалар мен аудандарды абаттандыру бойынша 256 жобаны іске асыру жоспарланған. Өңірде көшелерді жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын жаңғырту көзделген. Бұдан бөлек, көгалдандыру жұмыстарына да баса мән берілмек.

Аймақтағы өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық қаттты қалдықтарды төгетін заңсыз орындардың артуы. Жиында бұл проблеманы шешу жолдары қарастырылды. Коммуналдық мекеме өкілдері мен еріктілер үнемі сенбіліктер, түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырылатынын айтады. Алайда аймақ басшысы мұндай шаралармен шектелмей, жиналған қоқысты уақытылы шығару керектігін баса айтты.

Жиында өңірге қарасты аудандар мен қалаларды абаттандыру жұмыстары да қызу талқыға түсті. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаевтың айтуынша елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту үшін кешенді жұмыстар жүргізілмек.

Өскеменде кешенді абаттандыру жұмыстарының бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Оған ғимараттардың қасбеттері мен аумақтарды абаттандыру жұмыстары кіреді. Сондай-ақ жасыл-желекті барынша сақтау және санын ұлғайту жоспарланып отыр.