Майдан даласынан оралмаған мыңдаған боздақтың рухына тағзым етіп, шырақ жағу акциясы облыс орталығында бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Өскемендегі «Даңқ» аллеясында акция ұйымдастырылды. 

Шараны Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бастап берді. Акция барысында барлығы 7199 шырақ жағылды. Мәңгілік алаудың алдындағы шамдардың суретінде бес бұрышты жұлдыз бейнеленген. Оның ортасына Жеңістің 79 жылдығын білдіретін 79 саны жазылған.Ұрыс даласында ел мен жер тыныштығы үшін шайқасқан жерлес жауынгерлерді ұрпақтары осылайша еске алды.

Акция аясында соғыс жылдарынан сыр шертетін театрландырылған қойылым көрсетілді.

Шынымен де, бейбіт күнді жақындатқан майдангерлердің маздағы өшпек емес. Өйткені санасы сергек ұрпақ бар. Боздақтар рухына тағзым етуге еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жиналды. Олар жылдағы әдеттен жаңылмай акцияға бір кісідей қатысты. Себебі, бұл мереке әр отбасына ыстық.

Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес, ұрыста ерлікпен қаза тапқан жас жауынгерлердің рухына деген тағзым ешқашан бәсеңдемейтіні хақ. Дәстүрлі шара жыл сайын жалғасын тауып, жас буынның өткенге деген құрметін арттыра түспек.