Өскеменде «Жарқыл» әскери-спорттық ойыны өтті. Дәстүрлі шара жыл сайын Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады. Әскери-спорттық ойынға қатысушылар әрдайым қала маңындағы тау бөктеріне жиналады, сайыс жылда жаңа сценаримен өрбиді. Биыл оқушылар таулы батальонда болып, жасырынған шартты жаумен шайқасты.
Өскелең ұрпаққа азаматтық, патриоттық тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы орайда облыс орталығында бұрыннан «Жарқыл-Зарница» әскери ойыны өткізіледі. Мұнда мектеп қабырғасында әскери пәнді оқитын 10-11 сынып оқушылары сайысады. Бұл жолғы жарысқа қаладағы 41 мектептен 300-ден астам оқушы қатысты. Жасөспірімдерді әскери өмірге баулып, патриоттық сезімдерін оятатын мұндай жарыстардың маңызы зор дейді ұйымдастырушылар.
Ойын барлығы үш кезеңнен тұрады. Үшінші кезең дәл осы тау бөктерінде өткізіледі. Бірнеше топқа бөлінген қатысушы оқушылар форма киіп, нағыз әскери мамандықтың қыр-сырын үйренді. Қатысушылардың ойынға деген дайындықтары ә дегеннен бірден байқалды.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды «Алаш» командасы алды. Ал екінші орынға «Бірлік» құрамасы тұрақтады. «Айбындық» қыз-жігіттер үшінші орынды місе тұтты.