«Amanat» партиясының бастамасымен Зайсан ауданында кезекті «Таза бейсенбі» шарасы өтті. Табиғат жанашырлары бұл жолы саябақтар мен аллеяларда ағаштардың қураған бұтақтарын кесіп, арамшөптерді жұлды. Жеменей өзенінің бойын күл-қоқыстан тазартты. Шараға мәслихат депутаттары, Зайсан ауданының жастар ресурстық орталығының волонтерлері, «Жасыл ел» жасақтары, мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Елімізде табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға орай өткізіліп жатқан республикалық акцияға зайсандық жастар да белсене қатысуда. Қоршаған ортаны, туған жерді таза ұстау бүгінгі ұрпақтың борышы деп санайды “Жасыл ел” жасағының сарбазы Данияр Нұрасылұлы.
Бұл шараға жастар мен қатар қарттар да белсене атсалысты. Партия мүшелері әр апта сайын, бейсенбі күндері, бекітілген аумақтарда тазалықты қамтамасыз етіп жатыр, деді «AMANAT» партиясы Зайсан аудандық филиалының төрағасы Болатбек Балғабаев.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы барысында Зайсан ауданында 28 саябақ пен аллея, өзен-көлдердің жағасы қоқыстардан тазартылды. Алдағы уақытта да республикалық акция жалғасын табатын болады.