Облыс орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған ғажайыпқа толы мерекелік кеш өтті. Оған Өскемендегі балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәлім алатын балалар қатысты. Асыға күткен думанды мерекеге әр бала айрықша дайындалған.
Жаңа жылдық шыршаға жиналған балалардың жас ерекшелігі әртүрлі. Киімдері де ерекше. Әркім өзінің көңілінен шыққан мульфильмдер мен ертегі кейіпкерлерінің киімін киген.
Жаңа жылдық шыршаның бас кейіпкері Аяз атаны балалар асыға күтті. Ән айтып, би биледі. Түрлі ойындар ойнады. Бастысы бала көңілі көтеріңкі. Қуаныштарында шек жоқ. Бір сәтке ертегілер еліне саяхат жасап, ерекше әсер алды.Сондай-ақ, алыстан тәттілерін арқалай келген Аяз атаға балалардың да тартуы көп. Ата-аналар да риза.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы берген мәліметке сүйенсек өңірде 12 әлеуметтік орталық бар. Соның бірі Өскеменде орналасқан. Бүгінгі таңда балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 150 жуық 1,5-18 жас аралығындағы ерекше балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Шырша тойы барысында ертегі кейіпкерлері түрлі қойылымдар қойып, балғындарға тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады. Келер жыл тек қуаныштты сәттерге толы болсын деген тілек жолдады.