Өскемен қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екінші мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа білім ордасы 300 оқушыға арналған және заманауи технологиялар мен стандарттарға сәйкес салынған. Білім ордасының техникалық ашылуына облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы елдегі мектептерде орын тапшылығы мәселесін шешу және білім беру сапасын арттыру мақсатында заманауи стандарттарға сай мектептер салуды міндеттеген еді. Осы жоба аясында Өскемен қаласындағы Тимофеев көшесінде жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Мұнда 38 оқу кабинеті, кітапхана, кең әрі заманауи асхана, толық жабдықталған спорт және акт залдары бар. Мектеп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген.

Мектепте балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Төтенше жағдайлар мен өрт кезінде хабарлау жүйесінің заманауи түрі орнатылған. Мұнда екі шығу есіктерінде қашықтан басқару пульттері және турникеттер де бар. Мектептің аумағына 52 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тасымалдауға арналған лифт қарастырылған.

Жаңа ғимаратта тігін шеберханалары, хореография бөлмесі бар. Кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг алаңдар қарастырылған. Жоспар бойынша жаңа мектеп партасына оқушылар үшінші тоқсанда отырады.

Биыл «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында облыста үш мектептің құрылысы аяқталды. Екі мектеп – Өскеменде, біреуі – Шемонаихада. Алдағы уақытта Риддер қаласы мен Глубокое ауданындағы тағы екі мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек.