Көптен күткен «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолы қолданысқа берілді. Автожолдың салтанатты ашылуына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов қатысты. Бірнеше жылдан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан республикалық маңызы бар жобаның іске асуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор ықпал етпек.

Бұл жаңалықты халықтың күтіп жүргеніне біраз уақыт болды. Тасжолды заманауи бағытта тақтайдай тегіс ету үшін жол саласының мамандары күні-түні жұмыс істеген. «Талдықорған-Қалбатау-Өскеменді» байланыстыратын тасжолдың жалпы ұзындығы – 768 шақырымды құрайды.

Маман тапшылығы, карантиндік шектеу кезіндегі құрылыс материалдарын жеткізу сияқты өзекті мәселелер де жол салушылардың жұмысын бөгеген көрінеді. Жалпы, тәулігіне шамамен 6-8 мың автокөлік қатынайтын жол ақылы болмақ. Алайда, бұл тек жүк көліктеріне қатысты шешім. Алдағы уақытта бұл мәселе қайта қаралатын болды.

Жол саласына еңбегін сіңіргендердің бірі – Бақыт Қалымов. Ол 2004 жылы «Құрметті жолшы» атағына ие болған. Жол саласының ардагері тасжолдың ашылуына қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.

Осыған дейін жолдың сапасы сын көтермейтінін айтқан халықтың өтініші көп ұзамай орындалады. Оның үстіне туризм, экономикалық бағытта да бұл тас жолдың маңызы зор.

Жылдар бойы айналма жолдардан әбден мезі болған жергілікті тұрғындар мен көлік жүргізушілері қозғалыс қалпына келгеніне қуанышты.