Қыркүйектен бері облыс орталығын дүбірге бөлеп, апта сайын қала тұрғындары мен қонақтарына ән-жырдан шашу шашқан «Туған жер - алтын бесігім» жобасы өз мәресіне жетті. Өскеменде елді тамсандырған мәдени күндердің қорытынды гала-концерті өтті.

Филармония сахнасында ән әуелеп, күй төгілді. Аймақтың әр өңірінен келген өнерпаздар жиналған жұртқа естен кетпес ерекше кеш сыйлады. Талғамы биік көрермен қауым тағы да қол соқты, қошемет көрсетті.

Марапаттау рәсімінде өңір басшысы Ермек Көшербаев түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар табыстады. Көрермендердің сүйікті атағына Катонқарағай ауданы мен Үлкен Нарын ауданының өнерпаздары жайғасса, Глубокое ауданының өнерпаздары ең заманауи атағын алды. Ал, Күршім ауданы мен Марқакөл ауданының өнерпаздары шынайы номинациясына лайық деп таңылды. «Үздік қойылым» номинациясында Шемонаиха ауданы жеңімпаз атанса, Тарбағатай ауданының тұрғындары ұлттық дәстүрді сақтаушы атанды.

Кештің қорытынды бойынша «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасының бас жүлдесі Риддер қаласының өнерпаздарына бұйырды.

Аймақ басшысы көпшіліктің көзайымына айналған бұл жобаның келер жылы да жалғасын табатынын айтты.