Облыс орталығында бүлдіршіндерге арналған Президент шыршасы өтті. Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған шыршаға 200 бала қатысты. Мерекелік кешке облыс әкімі Ермек Көшербаев арнайы келіп, балғындарды келе жатқан жылан жылымен құттықтады.
Бұл күні балалар ойын ойнап, тақпақ айтып, жаңа жылдық қойылымды тамашалады. Шырша мерекесіне олар ерекше дайындалған. Түрлі ертегі кейіпкерлеріне айналды. Балғындардың костюмдері әдемілігі жағынан бірінен-бірі асады. Арасында көзге түскендердің бірі - Тарбағатай ауданынан келген Жарас Мәулетов.
Жаңа жыл балалардың асыға күтетін қуанышты мейрамдарының бірі. Марқақөлдік Аяла Темірғалиева жылан жылы келе жатыр деп сол кейіпкерді арнайы таңдап алған.
Шараға жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары қатысты. Сондай-ақ спортта және білімде белгілі бір жетістікке жеткен оқушылар да шақырылды.
Кеш мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңажылдық шыршамен жалғасын тапты. Оған 150 бала келген. Ерекше қажетілігі бар балғындардың ата-аналары дән риза. Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп жатыр дейді.
Балаларға арналған мерекелік бағдарлама барысында ешкім назардан тыс қалған жоқ. Барлығына бағалы сыйлықтар мен тәттілер таратылды.