Өскеменде ағаштан түйін түйіп, ата кәсібімізді кәсіпкерлікпен үйлестіріп келе жатқан Нүргүл Алматаева есімді шебер тұрады. Көпбалалы ана үйде отырып осы өнерге түбегейлі ден қойған. Шебер ағаш тандамайды, кез-келгенін кәдеге жаратады. Оның қолынан шыққан әр бұйымға сұраныс жоғары.
Нүргүл Алматаева 2018 жылы ата кәсіпті қолға алған. Бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, сол қаражатқа керек-жарағын сатып алған.
Кәсіпкер бұйымдардың басым көпшілігін сапалы қайың ағашынан жасайды. Игі бастаманы іске асыруға отбасы мүшелері толықтай қолдау көрсеткен. Шебердің өнегелі ісін үйреніп, оған қолғабыс жасап жүргендердің бірі – отағасы Медет Салбанов. Ол осы өнердің қыр-сырын меңгерумен келеді.
Бүгінде кәсіп бастауға ниет еткендерге мемлекет тарапынан бар жағдай жасалған. Ал жақсылықтың жаршысы болып жүрген «Jan Ana» қоғамдық бірлестігі көпбалалы аналардың кәсіп бастап, табыс табуына бағыт-бағдар беріп келеді.
Бұл орталықта шаштараз, тәтті бәліш пісіру, тігін өнерін тегін меңгеруге мүмкіндік бар.
«Jan Ana» қоғамдық бірлестігінің бүгінде жұмысы қарқынды. Мұндағы аналар қазақи салт-дәстүрді дәріптеп, спорттық, қайырымдылық шараларды да ұйымдастырып келеді.