Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов салалық бөлім басшыларымен бірге қала шетінде орналасқан Жыланды кетіне барды. Себебі, бұған дейін тұрғындар облыс орталығы басшысының жеке қабылдауында болып өзекті мәселелерді жіпке тізіп берген болатын.Түйіткілдің түйінін тарқату үшін қала әкімі кенттегі азаматтармен кездесіп, көтерілген мәселелермен танысты.

Әкімнің жеке қабылдауында болған тұрғындар жол жөндеу, жарықтандыру және балалар алаңын абаттандыру мәселелерін көтерген болатын. Жыланды тұрғыны Зоя Хасянованың айтуынша, Предгорная көшесін жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталады деп уәде етілгенімен, жұмыс басталмаған. Көктемде еріген қар суы қара жолды шайып, жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызатын көрінеді. Шағын аудан тұрғыны Маратбек Сүлейменовте мәселені тезірек шешуді сұрады.

Шағын ауданның жағдайымен танысқан Өскемен әкімі Алмат Ақышов мұндағы мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Жарықтандыру мен балалар ойын алаңын ретке келтіру ісі де алдағы уақытта іске асырылмақ. Қала әкімі кездесу соңында облыс орталығының шалғай аудандарындағы өзекті мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.