Ұлан ауданындағы Шалқар көлінде шығысқазақстандықтар мен аймақ қонақтары үшін қысқы туризм маусымының салтанатты ашылуы өтті. Аудан әкімдігі демалушыларға арнайы концерттік бағдарлама мен музыкалық нөмірлер ұйымдастырды. Бұдан бөлек, келушілерге ыстық тағамдар мен сусындар ұсынды.
Биыл Шалқар көлінде қысқы туризм маусымының ашылуына тек шығысқазақстандықтар ғана емес, шетелдік қонақтар да қатысты. Олардың қатарында Франциядан келген саяхатшы жұп Максим Пави мен Дельфин Пошиньо бар.
Аудан әкімінің орынбасары Қуат Оқасовтың айтуынша, бұл аймақта жылдан жылға туристер саны артып келеді. Сондықтан осы өңірде тұратын халыққа жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Демалушыларға ыңғайлы болу үшін Шалқар көлінің жағасында туристер үшін барлық жағдай жасалған.
Концерттік бағдарлама мен аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырған байқаулардан бөлек, Шалқар көлі мұз айдынында Өскеменнің «Жұлдыз» клубының спорт шеберлері, мәнерлеп сырғанаушылар Екатерина Полинкина мен София Мұхаметкаирова өнер көрсетті.