Ерікті болу - ерлік іс. Өскеменде отызға жуық автоволонтер мұқтаж жандарды тегін тасымалдап жүр. Олардың мақсаты - қоғамға пайдалы болу, өзгеге көмек қолын созу.
Өскемен қаласындағы мүдделері тоғысқан автоеріктілер 6 жылға жуық уақыт бойы мұқтаж жандарды діттеген жерлеріне жеткізіп жүр. Қазір ұйымда отызға жуық автоерікті бар. Олар өз көліктерімен еш ақысыз тасымалдайды. Тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, қарт кісілерді, көпбалалы отбасыларды да керек жерлеріне жеткізіп тастайды.
Қайырымды көлік жүргізушілер әлеуметтік аз қамтылған немесе ерекше күтімді қажет ететін балаларды аурухана, емханалар мен базарға, сондай-ақ, қоғамдық орындар мен саябақтарға қажетінше тегін жеткізіп тастайды.
Аталмыш жоба 2018 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының және қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда.
Бүгінде көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, жүрек жылуын беріп қана қоймай, нақты іспен көмек қолын соза білген ұйым мүшелері ел алғысына бөленіп жүр. Автоеріктілердің әрқайсы игі іске өз үлестерін қосып, көпшіліктің разылығын алуда.