Қыс мезгіліндегі қауіптің бірі - қар көшкіні. Әсіресе, таулы аймақ аумағындағы тас жолмен қатынайтын көліктер үшін қиын. Табиғаттың қай кезде, қай уақытта тосын мінез танытатыны белгісіз. Қалың қар жолды жауып не болмаса көліктерге, адам өміріне қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан, жауапты мамандар әсіресе, қыста үнемі қарды тазартып отырады. Қар көшкінінің алдын алу мақсатында «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС қызметкерлері жүйелі жұмыс жүргізеді.

Шығыстың қысы қытымыр. Қары қалың. Таулы аймақтардағы жағдай мүлдем басқа. Сондықтан жол қызметі үшін бұл кезең асқан жауапкершілікті талап етеді. Қыстың қақаған аязында мыңдаған шақырым жолды тазалап, көлік жүргізушілерінің діттеген жеріне кедергісіз жетуі үшін жол қызметкерлері тынымсыз еңбек етеді. «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС қызметкерлерінің басты міндеті ауа райының қолайсыздығына қарамастан көлік ағыны мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

 «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС қызметкерлерінің айтуынша өткен жылдың желтоқсан айындағы жол-көлік оқиғаларына қатысты жүргізілген талдау нәтижелері бойынша 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда республикалық маңызы бар жолдардағы жағдай айтарлықтай жақсарған. Жол-көлік оқиғаларының саны 7 пайызға, қаза болғандар саны 100 пайызға, жарақат алғандар саны 29 пайызға төмендеген. Алдағы уақытта филиал облыстың қысқы маусымында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды жүзеге асыруды жалғастырады.