Жасөспірімдер арасындағы фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегерлері Денис Раструба мен Юлия Феклистова елге оралды. Спортшыларды өскеменде туған-туыстары, жерлестері, жанкүйерлері қарсы алды. Олар таяуда Алматыда өткен халықаралық додаға қатысып, күміс медаль иеленген.
Жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатына 12 елден 70-тен астам спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде ел намысын 10 спортшы қорғады. Олардың арасында Денис Раструбада бар. Әлем біріншілігінде күміс жүлдені қанжығасына байлады. Денистің Растурбаның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне 12 жылдан асқан.
Ал Юлия Феклистова 16 жаста. Жас спортшының әлемдік додадағы бірінші жүлдесі. Бұған дейін республикалық сайыстарда топ жарып үлгерген. Дегенмен, Юлия Феклистова әлем чемпионатында жүлде алуды мақсат еткен.
Ата-аналар жағы балаларының жеңіспен оралғандарына дән риза. Сайыс басталғаннан жанымызды шүберекке түйіп отырдық, дейді Денис Раструбаның анасы Ирина Мазницина.
Әл біріншілігі жүлдегерлерінің бапкері-Дмитрий Рейхерд. Ол бұл жеңіске тынбай еңбек еткеннің арқасында жеттік деп отыр.
Алдағы уақытта жас спортшылар Еуропа біріншілігіне дайындықты бастайды.