Қазір түрлі технологияның дәуірлеп тұрған заманы. Бірақ құтқару ісінде техниканың әдіс-амалы жетпейтін жерлер бар. Замануи құрылғылар алмастыра алмайтын бір ғана «құтқарушыны» білеміз. Ол – адамның досы, иттер. Кинологтардың айтуынша, төрт аяқтыларда бар қабілетті техника ешқашан алмастыра алмайды.
Облыстағы ТЖ қызмінде сапта жүрген ең кәрі ит – Рэмо атты лабрадор. Биыл 10 жасқа толды. Зейнетке шығуына бір-ақ жыл уақыт қалды. Бүгінге дейін адам жанына араша болып от пен суға талай түсті. Арқырап аққан өзеннен де өтті, құз жартасқа да өрмеледі. Барлық тапсырманы мүлтіксіз орындады, - дейді кинологтар. Адамдардағыдай иттерде де еңбек династиялары бар. Рэмодан туған Геля да құтқарушылар қатарында.
Өткен жылы төрт аяқты құтқарушылар барлығы 8 іздеу-құтқару жұмыстарына қатысып, профилактикалық қар көшкіні кезінде 20-дан аса рет қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Иттер үшін ауыр жұмыс күнінен кейін демалуға және күш-қуатын қалпына келтіруге барлық жағдай жасалған. Төрт аяқты құтқарушылар әрдайым тоқ. Ал, олардың сырт күтімі үшін шаштараздағыдай күш салады. Бұл қызметте адамға сенімділік пен мақтаныш сыйлайтын киімі болса, иттердің де арнайы жұмыс киімдері бар.