Мемлекет басшысы 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырары анық. Бұл ретте елімізде бірқатар шаруа атқарылды. Мәселен, техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Биыл сала мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артты. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді.

Қоғамға қажет жұмысшы мамандардың беделі артатын шақ келді. Кез-келген еңбек-қадірлі.Мәселен, Өскемен көшелерінің жарық болуын екі кәсіпорын қамтамасыз етеді. Сондай кәсіпорынның бірінде 15 жылдық тәжірибесі бар Артем Левченко еңбек етеді. Білікті маман ел экономикасының әлеуетін арттыруда қарапайым еңбек адамдарының да қосар үлесі зор екенін айтады. Ал өзімізге жүктелген міндетті іске асыруда қауіпсіздік шараларына бас мән береміз деп отыр.

Қаланы тұрақты әрі сапалы жарықпен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін бұл мамандар күні-түні тынбай еңбек етеді. Бұдан бөлек, өңірде диспетчер қызметінің жұмысы да аса маңызды. Ол тұрғындардан келіп түскен өтініштерді дереу жауапты сала мамандарына жолдайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.