Заң мен тәртіп бар жерде әділетті қоғам орнайды. Өскеменде өткен жиында бас қосқан өңір жастарының пікірі осындай. Шараны облыстық Жастар ресурстық орталығы мен құқық қорғау органдары бірлесе ұйымдастырды. Мақсат – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық ұстанымын нығайту және заңсыз әрекеттердің алдын алу.

Кездесуге облыстық құқық қорғау органдары мен белсенді жастары қатысты. Полиция өкілдері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар жайлы сөз етіп, оның алдын алу жолын түсіндірді.

Жиында есірткі қылмысымен күрес мәселесі көтерілді. Соңғы кездері заң бұзушылар арасында әйелдер мен жасөспірімдердің қатары артқан.

Қаржылық сауаттылық та назардан тыс қалмады. Өткен жылы жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша өңір жастарының 4 млрд, теңгеге жуық несиесі бар екені анықталды.

Жиында жастар жергілікті құқық қорғау органдары өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Шараға қатысушылар мұндай диалог алаңы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін айтады.

Кездесуде жастар қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерді құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесіп шешуге дайын екендіктерін жеткізді.