Аймақта интернет алаяқтық әлі тиылмай тұр. Ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейді. Өскемендегі тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарын күшейткен. Бұл жолы полицейлер қоғамдық орындарға барып ақпараттық парақшалар таратты. Түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Әлеуметтік желіні жайлаған алаяқтар көпшілікті, аз қаржы салып еселеп пайда табуға болатын жалған ұсыныстарымен тұзаққа түсіруін әлі тоқтатпай келеді. . Келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында өскемендегі полиция департаментінің қызметкерлері қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тәртіп сақшылары алаяқтар басқа өңірде, кейде тіпті шетелде отырып әрекет етеді деп отыр. Бұл әрекет олардың ізіне түсіп, анықтауды қиындатады.

Интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрі әлеуметтік желіде жалған аккаунт ашу арқылы жасалады. Бұдан кейін оның жақын туыстарына, достарына, таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аударуды сұрайды. Полиция департаменті қала тұрғындарын құқық бұзушылық әрекетіне тап болған жағдайда «102» арнасына хабарласу қажеттігін ескертеді.