Өңірде онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында кешенді жоспар әзірленді. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев салалық басқарма мамандарына тұрғындарды скринингтен өткізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бастама аясында облыс тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамту деңгейі артпақ. Жиында көтерілген өзге де мәселелер жайлы әріптесім рет-ретімен.
Қазіргі уақытта өңірде онкологиялық дертті емдеу ісі екі деңгейде жүргізіледі. Алғашқы сатыда 25 медициналық ұйым амбулаториялық көмек көрсетсе, екінші деңгейде облыстың көпсалалы онкология және хирургия орталығы жоғарғы технологиялық ем-дом түрін ұсынады. Жыл басынан бері орталық он мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға артық.
Онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау көрсеткіші Өскемен және Риддер қалаларында, Алтай, Үлкен Нарын аудандарында төмен. Сондықтан аймақ басшысы Ермек Көшербаев қатерлі ісікті алғашқы кезеңде анықтау мақсатында өңір азаматтарын жеделдетіп скринингтік тексерістен өткізу қажет деп отыр.
Бүгінде аймақ тұрғындарына облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында қажетті медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Дегенмен, медицина саласын дамыту ісі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келер жылы бұл салаға бөлінетін қаражат көлемі де анағұрлым артпақ.