Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің атынан балаларға мереке ұйымдастырып, сыйлықтар беру игі дәстүрге айналған. Биыл да аталған шара жалғасын тапты. 450 оқушыға мерекелік көңіл-күй сыйлаған ерекше ертегі әлеміне әріптестеріміз де қатысып қайтты.
Жаңа жылдық мерекеге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балғындар қатысты. Бұдан бөлек, оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды оқушылар да назардан тыс қалмады.
Облыстың түкпір-түкпірінен келген оқушылар дән риза. 9 бен 13 жас аралығындағы балалар аталған шараға қатысты. Жаңа жылдық ғажайыптар мен сиқырлар әлеміне саяхат ұйымдастырылып, қатысушылар әйгілі мультфильмдер мен халық ертегілерінің ұлттық кейіпкерлерімен кездесуге мүмкіндік алды.
Сезім Асылбекқызы Күршім ауданы Құйған ауылынан келген. Мерекелік шара 7 сынып оқушысының көңілінен шығып жатыр. Оның айтуынша, мұндай кеш бұрын соңды болмаған. Жылдағыдан ерекше.
Мемлекет басшысының және облыс әкімінің атынан Жаңа жылдық шыршалардың қатысушыларына 150 000 теңге сомасында ақшалай сертификат, жұмсақ ойыншық және тәтті сыйлық таратылды. Ал облыстық драма және оперетта театрында «Алтын балапан» жаңажылдық спектаклі тегін көрсетілді.