Өңірде Enactus Kazakhstan Business Summer Camp 2024 жазғы бизнес-лагері жұмысын бастады. Enactus Kazakhstan мобильді көшбасшылық және кәсіпкерлік мектебінің 17-нші маусымын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өкілдері SDI Аlumni Club түлектер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Бұқтырма су қоймасының жағалауында "Простор" жазғы экспедициялық кампусында Қазақстанның түкпір-түкпірінен 130-дан астам студент жиналды.

Лагерьде қатысушылар 30-дан астам топқа бөлінді. Командалар елдің 23 жетекші университеттері мен колледждерінің студенттерінен құралған. Мұнда жастар тәжірибе алмасады. Кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, көшбасшылық қасиеттерін шыңдайды. Ал студенттер үшін семинарлар мен шеберлік сағаттарын Enactus Kazakhstan жетекші сарапшылары өткізеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар аймақтағы туризмнің дамуына да ықпал етеді.

Enactus Kazakhstan-ның барлық жобалары БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатына қол жеткізуге бағытталған. Жалпы, Enactus Kazakhstan Business Summer Camp 2024-ке 135 студент қатысуда. Оның 16-сы Д.Серікбаев атындағы университеттің белсенді жастары.

Бизнес-лагерь бағдарламасына қаржылық сауаттылық, IT-жүйелер, кәсіпкерлік, тұрақты даму бойынша семинарлар мен тренингтер кіреді. Қатысушылар Enactus Kazakhstan бизнес-лагерінен мол мағлұмат алып, жаңа достар табатынына сенімді.

Сондай-ақ, бизнес-лагерьде жастар биыл күзде Астана қаласында өтетін Enactus студенттік кәсіпкерлік бойынша әлем чемпионатына дайындалатын болады. Чемпионатқа 33 ел қатысады деп күтілуде.