Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы «Таза бейсенбі» атауымен жалғасын табуда. Туған жердің табиғатын қорғап, қоршаған ортаның тазалығына мән беруге үндейтін бұл бастамаға жергілікті халық бей-жай қарамауда. Жер-жерде өткізіліп жатқан акциядан өскеменнің жастары да қалыс қалмады.
Экологиялық акцияға «Мисс Өскемен-2024» байқауының жеңімпазы- Бағым Балтабаева қатысты. Ол «Таза бейсенбі» акциясын қолдайтынын айтады.
«Таза бейсенбі» акциясы осымен 14-ші рет ұйымдастырылып отыр. Шара аясында қатысушылар көше бойын, саябақтарды, арық арнасы мен өзен жағалауларындағы қоқыс қалдығын тап-тұйнақтай етіп жинап шықты.
«Amanat» партиясы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастырып келеді. Бұл жолы саяси ұйым мүшелері қала әкімшілігімен бірлесіп кезекті аумақты қоқыстан тазартты.
Экологиялық акция арнайы белгіленген жерлерде кезек-кезекпен өтеді. Алдын ала дайындалған кестемен учаскелерге тазалық жүргізілді. Шығыстағы ағайын «Таза Қазақстан» акциясын бірауыздан қолдайды. Себебі, шараның мақсаты туған жерді таза ұстау. Бұқара арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өзгеге үлгі болу.