Будапештте 23 тамыз – 1-ші қыркүйек аралығында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Әлем біріншілігінде жүлдегер атанған шығысқазақстандық спортшыларды жақындары мен жерлестері, жанкүйерлері күтіп алды. Ұлттық құрама бұл додадан 20 алтын, 18 күміс және 19 қола медальмен оралды.

Әлем біріншілігіне аттанған ұлттық құрама сапында шығысқазақстандық екі спортшы өнер көрсетті. Соның бірі - Зайсан ауданы, Дайыр аулының тумасы Жарқын Ауғанбаев. Жарқын Ауғанбаевтың кикбоксингпен айналысып жүргеніне 6 жылдан асқан. Жас спортшы осы уақыт аралығында бірнеше байрақты бәсекеде жүлде алып үлгерген. Ал Будапештте өткен әлем біріншілігінде Жарқын Ауғанбаев алтын медаль еншілеген.

Әлем біріншілігінде жүлде алған тағы бір жерлесіміз Нұрәли Оралбеков. 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы күміс медальмен қанжығасын майлап қайтты. Осындай жетістікке жеткенім ата-анам мен бапкерлерімнің арқасы дейді.

Көк туымызды желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінген Жарқын Ауғанбаевтың ата-анасы байрақты бәсекені үзбей тамашалағанын айтады.

Нұрәли Оралбековтың ата-анасы да ұлдарының жүлде алғаны қажырлы еңбектің жемісі деп отыр.

Жарыста Қазақстандық спортшылар үш санатта кездесу өткізген. Отандастарымыз фулл-контакт, лоу-кик және к-1 санаттарында өнер көрсетті.

Аймақ спортшылары ендігі кезекте Камбоджада өтетін Азия біріншілігіне дайындықтарын бастайды.