Күздің басталуымен жылу беру маусымына дайындық та күшейе түседі. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті инвестициялық бағдарламаны орындаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету және тарифтерден алынатын қаражатты мақсатты пайдалану туралы тұтынушыларды хабардар ету мақсатында «Шығыс Жылу» АҚ-ның нысандары бойынша баспасөз-турын өткізді.

Сала мамандарының сөзінше, жөндеу жұмыстары өндірістік шығындарды азайтады. Қазандық агрегатының тиімділігін 2,5% - ға арттыруға және табиғи отынды жылына 300,5 тоннаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі күні қала бойынша барлығы 25 аумақ ретке келтіріліп жатыр.

Өскемендегі 213 мыңнан аса тұрғынды орталықтандырылған жылумен қамтып отырған «Шығыс Жылу» АҚ кәсіпорны инвестициялық бағдарламаларындағы міндеттемелеріне сәйкес тозығы жеткен жылу желілерін жаңартып, ескірген қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізді. Мәселен, № 2 қазандықтағы күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталған, ал оны аяқтау қыркүйек айына жоспарланған.

Бүгінгі күні қаладағы жылу желілерінің 63, 9 пайызы ескірген. Жөндеу жұмыстары жүргізілген соң ол көрсеткіш 1,1 пайызға төмендейді, дейді мамандар.

Айта кетейік, инвестициялық бағдарлама бойынша жылу жүйелерін жөндеуге 2 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Оны 650 млн. теңгесі қосымша инвестиция арқылы тартылған.