Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды екенін атап өтті. Яғни, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлауды мықтап қолға алу керек. Сондай-ақ, Президент сапалы білім беру мәселесіне ерекше тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін баса айтты. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Сол себепті Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.

Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Осылайша қарпайым еңбек адамының мәртебесі көтеріледі. Сергей Панасюк өңірдегі зауыттардың бірінде жұмыс істейді. Оның пікірінше, президент айтып отырған жұмысшы мамандықтарды жастардың арасында насихаттау керек. Себебі бүгінде оларға сұраныс жоғары болса да, білікті маман тапшылығы білінеді.

Сонымен қатар, Президент болашақта «инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады», - деді. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді.