Ел Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен «Жас Кеңес Сыйлығы» конкурсына өтінім қабылдау басталды. Байқау өз ісіне адал, қоғам дамуына үлес қосып жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған. Биыл жоба ауқымы кеңейіп, номинациялар саны да артқан. Сыйлық елдің ертеңі саналатын жас буынның еңбегін елеп, шабыт беруді көздейді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жас Кеңес Сыйлығы» конкурсына қатысу тәртібі талқыланды. Игі жоба Мемлекеттік кеңесші, Кеңес төрағасы Ерлан Кариннің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

БАҚЫТЖАН ЕРБОЛҚЫЗЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Жас Кеңес Сыйлығы” негізігі мақсаты ел экономикасында біздің қазір қоғамдық өңірде өте маңызды рөл атқаратын мамандық бар. Осы мамандықтарды жұмыс атқарып жүрген жас мамандарды қолдауға бағытталған жоба.

Биыл сыйлық 10 номинация бойынша 20 жас маманға табысталады. Әр жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы қарастырылған. Үміткерлерге қойылатын басты талап – 35 жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының азаматы болу.

АЙДОС ӘДІЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бірінші кезең өтінімдерді қабылдау, арнайы үлгілер бар, Жастар орталықтарынан да алуға болады, барлық ақпаратты көрсетіп отырмыз. Екінші кезеңде комиссия мүшелері тәуелсіз бағалау жұмыстарын жүзеге асырады. Үшінші кезеңде комиссия мүшелерімен үміткерлер онлайн немесе офлайн сұхбаттасады. Жеңіп шыққан адам жеңімпаз атанады.

 «Жас Кеңес Сыйлығы» әр түрлі саладағы жас мамандарды қамтып отыр. Номинациялар арасында білім, медицина, агросектор, құтқару қызметі, энергетика, ІТ және креативті индустрия өкілдері бар. Байқауға өтінімдер 20 маусым мен 20 шілде аралығында қабылданады. Іріктеу үш кезеңнен тұрып, әр номинациядан екі жеңімпаз анықталады. Жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.


БЕКАРЫС СЕКЕН