Өңірде қол күресі спорты қарқынды дамуда. Оның танымалдығы жеңіл атлетика мен шайбалы хоккейден кем емес. Аймақтың ғана емес, елдің атын әлемге танытып жүрген жерлестеріміздің жетістіктері бұл сөзімізге дәдел. Армрестлинг спортының аймақтағы жай-күйі жайлы тілші тарқатсын.

 «Армрестлинг» атауы ағылшын тілінен аударғанда «arm» - қол және «wrestling» - күрес деген мағынаны білдіреді. Бұл спорт түрі әлі Олимпиада ойындарына кірмегенімен, оған қызығушылардың қатары жылдан-жылға артып келеді.

Наргиз Базылбек, Армрестлингтен спорт шеберіне үміткер:

Менің бастауыма себепші болған әкем. Осы спортқа 2023 жылдың қараша айында келдім. Халықаралық жарыстарды алатын болсақ ҚР чемпионатына қатыстым. Әлем чемпионатына қатыстым. Сол екі жарыстарда күміс жүлдегер атандым.

Бұл залда спортшылар тұрақты түрде жаттығуларын өткізеді. Дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғайды. Солардың бірі - Александра Ельчанинова.

Александра Ельчанинова, пара-армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Армрестлингпен 2017 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде бірнеше рет Қазақстан чемпионатында жүлдеге ие болдым, әлем чемпионатында бір рет, ал Азия чемпионатында екі рет күміс жүлде алдым.

Ал Дарья Кузьмина – пара-армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол үздіксіз дайындықтың арқасында биік белестерді бағындырып жүр.

Дарья Кузьмина, пара-армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Жасым - 35-те. Қол күреспен айналысып жүргеніме 8 жылдай болды. 2018 жылы Қазақстан Кубогында бірінші орын алдым. Кейін әлемдік жарыстарға, Азия чемпионаттарына қатысып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Бұл спортқа алғаш келгенде, маған бірден ұнады. Іштей «неге байқап көрмеске?» деген ой келді. Солай жаттығып бастап, әрі қарай тоқтамай, шындап айналыса бастадым.

Болашақ чемпион тәрбиелеу - жүйелі дайындық пен дұрыс бағыт-бағдар беруден басталады. Әрбір жетістікке жеткен спортшының артында оны қолдаған бапкері, ата-анасы және жақындары тұрады. Жаттықтырушы үшін шәкірттің табысқа жетуі – ең үлкен жетістік.

Жарқын Жетпісбаев, жаттықтырушы:

Қол күрес спортына 2018 жылы келдім. Қазір осы біздің залда 50 оқушы бар. Біздің оқушылардың дайындығы өте жоғары. Алдағы әлем чемипонатына және күзде болатын Азия кубогіне дайындалып жатырмыз. Бізде қазір жаттығу екі уақыт өтіп жатыр. Таңғы жіне кешкі жаттығу. Оқушылардың деңгейі өте жоғары.

Қазақстандық қол күрес шеберлері бүгінде әлемдік рейтингтің алдыңғы қатарынан көрініп жүр. Алайда олар бұл жетістікке тоқмейілсіп отырған жоқ. Облыс орталығында шыныққан жастар үлкен арман жолында талмай жаттығуда. Жеңіске жетелейтін жалғыз жол - тынымсыз еңбек пен табандылық екенін жақсы түсінеді.


Кәусар Идаятқызы