Президент бастамасымен елімізде «Келешек мектептер» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсат - оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау. Бағдарлама аясында аймақта 3 мың оқушыға арналған 7 мектеп салу жоспарланған.

Өңірде аталған жоба аясында бес мектеп толық жабдықталып, қолданысқа берілді. Қазіргі таңда тағы екі мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның бірі облыс орталығындағы №31 мектеп. Мұнда заман талабына сай пәндік кабинеттер, зертханалар мен зерттеу орталықтары да бар. Бұл оқушылардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілетін дамытуына мүмкіндік береді.

ЖАНҒАЗЫ АЛИПБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шығыс Қазақстан облысында 7 мектеп жайлы мектеп бағдарламасы бойынша іске асырылуда. Оның бесеуі былтырғы жылы аяқталып, биылғы жылы лицензия алу мәселесі жүріп жатыр. Екі мектептің құрлысы аяқталу үстінде. 1 қыркүйекте құрылысы бітеді деп жоспарланып отыр.

АЛМАШ САПАРҒАЛИЕВА, ӨСКЕМЕН Қ. №31 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

“Келешек-мектеп” - бұл болашақтың мектебі. Мұнда балаларға тек білім беріп қана қоймай, болашақта өмірде қажет болатын дағдыларды да үйретеді. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, жайлы кітапхана, үлкен асхана бар. Инклюзивті білім беру үшін де барлық жағдай қарастырылған: сенсорлық бөлме, арнайы кабинеттер да бар.

Жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін жаңа мектепті ата-аналар да асыға күтуде. Олар үшін ең бастысы - баласының қауіпсіз, жайлы ортада білім алуы.

АЖАР АСҚАРҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Ата-ана ретінде мектеп салынып жатқанына өте қуаныштымын. Баламыздың сапалы білім алғанын қалаймыз. Сондықтан баламның мектепке шаттанып барып, шаттанып қайтқанын қалаймын. Сол себепті де осы мектепті таңдадық.

 «Келешек мектебі» - бұл әр оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бастама. Жоба аясында инклюзивті білім беруге де басымдық беріліп, барлық балаларға тең мүмкіндік қарастырылған. Бұл - ел болашағын ойлаған жүйелі әрі маңызды шешім.


БЕКАРЫС СЕКЕН