ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралинның Өскемен қаласындағы жұмыс сапары жалғасуда. Ол әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралап, олардың жағдайымен танысты. Бұдан бөлек, қалалық №1 аурухананың ұжымымен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралин Өскемен қалалық №1 ауруханасында болып, ақ халаттылармен жүздесті. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өз салаларындағы түйткілді мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, клиникалық-шығын топтары бойынша тарифтер белгіленгенімен, коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектің қымбаттауы мекеменің қаржылық ахуалына кері әсер етіп отырғаны айтылды. Депутат көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

АСЫЛБЕК НҰРАЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қызметкерлердің тарапынан біраз сұрақтар болды. Айлық мәселесі, айлықтың көлемі аздау, уақытылы еңбек демалысына шығу туралы сұрақтар болды. Оның барлығын біз облыс басшыларымен кездесеміз. Осы жерде Денсаулық сақтау облыстық бөлімінің басшысы болды, ол кісіменде сөйлестік, бұл сұрақтар келер кездесуде айтамыз, шешімін табады деп ойлаймын.

Медицина қызметкерлері қалада үй-жайы жоқ азаматтарға арналған арнайы орталық ашу қажеттігін көтерді. Дәрігерлердің айтуынша, ондай адамдар күн сайын ауруханаға жеткізіліп, түнеуге мәжбүр болады. Бұл жағдай емдеу мекемесінің жұмыс тәртібіне кері әсер етіп, өзге науқастарға қолайсыздық тудырады. Бұдан бөлек, мамандардың жетіспеушілігі де басты мәселелердің бірі екені айтылды.

ГҮЛЖАНАТ ҚАБДЕКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Білікті мамандар бізге қажет. Мықты маман болса сенімде артамыз. Сондықтан осы орайда айтқым келетіні, қазіргі уақытта біз кейбір жастарды оқытып шығардық, алайда олар басқа қалаларға қоныс аударып жатыр, осыған байланысты біз мамандардан айырылып қалып жатырмыз. Қазіргі таңда бізде хирургтар, анестезиологтар, невропатологтар, тіпті терапевтер де жетіспейді.

Депутаттың жұмыс сапары өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап, шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Әлеуметтік нысандардың жай-күйі мен кадр тапшылығы сияқты маңызды түйткілдер назардан тыс қалмады. Жергілікті билікпен бірлескен шаралар арқылы бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешілетін болады.


БЕКАРЫС СЕКЕН