Астанада бокстан Әлем кубогы өтіп жатыр. Екінші жарыс күнінде алты қазақстандық спортшы шаршы алаңға шықты. 1/8 финалдық кезеңде Анель Сақыш өзбекстандық қарсыласынан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Махмуд Сабырхан алғашқы жекпе-жегін Оңтүстік Корея спортшысына қарсы өткізді. Екінші раундта ол қарсыласы Шинь Дже Ёнді екі мәрте нокдаунға түсіріп, басымдылық танытты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Сабырханға берді. Рет –ретімен тілші сюжетінде...
Ал, Нұрбек Оралбай әзірбайжандық Мурад Аллахвердиевпен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл қос боксшы бұған дейін Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңінде де жолыққан еді. Ол кезде де жеңіс Нұрбекке бұйырған. Надежда Рябец өз жорығын бірден ширек финалдан бастады. Бразилиялық спортшыны айқын басымдықпен жеңіп, ұлттық құрама сапынан бірінші болып жартылай финалға жолдама алды.
Надежда РЯБЕЦ, БОКСТАН ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз әлі де дайындық үстіндеміз. Қарсыласым қазір бабында. Ол 2021 жылмен салыстырғанда жақсы деңгейге жетті, үзіліс те алған жоқ. Ал мен екі жылға жуық бокстан қол үздім. Бірақ, жаттықтырушым мен штаттық бапкерлердің арқасында үздік нәтижеге жетіп, алтын медаль иеленеміз деген үміттемін.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Серік Теміржанов австралиялық Джейкоб Кассармен кездесті. Жекпе-жек тартысты өтті. Қорытындысында төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Теміржановқа берді. Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай өз жекпе-жегінде доминикандық спортшымен күш сынасты. Екінші раундта ол қарсыласын нокдаунға түсіріп, толық басымдық танытты. Үш раундтың нәтижесі бойынша 5:0 есебімен жеңісті Айбек Оралбайға иеленді.
ДАРИО КАМАЧО, ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ДАЯРЛЫҒЫ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ЕРЛЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
Дайындығымыз өте қарқынды. Біріншіден бұл жерде біз үшін үздік жаттығу бағдарламасы болды. Сонымен қатар, алты апта жұмыс істеген штатта қабылдады. Әсіресе жылдамдыққа жұмыс істедік. Жарысқа әр күн сайын жауапкершілікпен қарадық.
Бокстан Әлем кубогының кезеңі 6 маусымға дейін жалғасады. Дүбірлі доданы «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Гүлдана Айдарқызы