Риддердегі Алтай ботаникалық бағында сирек кездесетін өсімдіктерді зерттеу, сақтау және көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мұндағы әрбір өсімдік ерекше күтімде. Бақта бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнаған тәжірибелі ғылыми қызметкерлер еңбек етіп келеді.

Татьяна Вдовина – ботаникалық бақтың жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты. Ол 45 жылдан бері Шығыс Қазақстандағы өсімдіктер әлемін зерттеп келеді. Ғалымның айтуынша, бақтың негізгі бағыттарының бірі – таңқурай, қарақат сынды дақылдардың жаңа сұрпын анықтап, тиімді көбейту әдістерін табу.

Татьяна Вдовина, Алтай ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері:

Біз таңқурайдың 70-тен астам түрін зерттедік. Өнімділігі мен жемісінің ірілігін ғана емес, түрлі тыңайтқыштар мен препараттардың әсерін де қарастырдық. Қазір қарақатқа қатысты әдістемелік ұсынымдар даярлап жатырмыз. Сонымен қатар жабайы өсімдіктерді де зерттеп, пайдасын анықтап жатырмыз.

Сирек кездесетін өсімдіктердің жиынтығы – ботаникалық бақтың мақтанышы. Бұл өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтау мен қалпына келтіруде маңызды жұмыс.

Алевтина Данилова, Алтай ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері:

Қазір біздің коллекцияда Қазақстан Алтайына тән 300-ден астам сирек өсімдік түрі бар. Сонымен қатар Шығыс пен Батыс Сібірден, Орта Азиядан әкелінген өсімдіктер де жерсініп, жақсы өсіп тұр. Өсімдіктерді мәдени ортада сақтау – олардың табиғатта жоғалып кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ал дендрологиялық бөлімдегі басты көрнекілік – 50 жылдан аса тарихы бар кәдімгі қарағай. Жергілікті мамандар бұл ағашты ерекше жақсы көреді.

Анна Калякина, дендрология бөлімінің аға агрономы:

Бұл ағаш – біздің бақтың мақтанышы. Ашық аспан астында еркін өсіп тұрған қарағай көз тартар көркімен ерекше. Бұтақтары жайқалып, алып тұлғасымен ертегідегі ағаштай әсер қалдырады. Жасы 50-60 жылға жуықтаса да, әлі талай жыл бойы өсіп, жасыл желекке айналады. Жалпы, бақтағы әрбір өсімдіктің өзіндік мәні бар. Әрқайсысы – табиғаттың бір бөлшегі, біз үшін қымбат қазына..

Табиғатты сақтау – уақытпен санаспайтын, тұрақты еңбек пен терең білімді қажет ететін жұмыс. Риддердегі Алтай ботаникалық бағының мамандары сирек өсімдіктердің әр түрін көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу үшін тынымсыз тер төгуде.


Қымбат Иманғалиева