Өскеменде «Мерейлі отбасы-2024» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.Бұл бүкіл елдегі отбасыларды біріктірген бірегей жоба. Себебі, бақытты шаңырақ үлгілі жанұя-ел тірегі. Биыл облыс бойынша ұлттық байқауға ынтымағы жарасқан, еңбегі мен еленген 136 отбасы қатысты.

Отбасы құндылықтарын дәріптейтін жоба 2013 жылы басталды. Сайысқа өскелең ұрпаққа үлгі болатын жанұялар қатысты. Өңір тұрғындары үшін бұл дәстүрлі, көптен күткен өзіндік мерекеге айналды. Шараға облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Ербол Нұрғалиев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Дәстүрлі шараға өңірге қарасты аудан-қалаларда үздік атанған отбасылар шақырылды.

Өнегелі отбасының іргесі өзара сыйластық пен ынтымақ болған жерде берік болмақ. Бұл – Тарбағатай ауданынан келген Жүрекбаевтар әулетінің басты қағидасы. Жүрекбаевтар отбасының шаңырақ көтергеніне 25 жыл болған. Тұңғыштары Әсел ҚХР ЖОО тәмәмдап, магистр атағын алса, кенжесі Алматы қаласының ЖОО бітірген. Отбасының жеңісін қолдауға әулеттің үлкендері келген.

Биылғы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауында облыстан үздік деп танылған Қыдырхановтар әулеті 4 баланы тәрбиелеп отырған көпке үлгілі отбасы. Жанұя құндылықтарын дәріптейтін жобада жеңімпаз атанған әулеттің тірегі Аслан Қыдырханов жұбайы Ардақ Әбеновамен шаңырақ көтергендеріне 21 жыл.

Зайсан ауданынан келген Бозтаевтар отбасы нағыз адал еңбек пен маңдай тердің қадір-қасиетін жете ұғынып, ұрпағының бойына сіңірген. Бүгінде 6 баладан 18 немере сүйіп отырған берекелі отбасы Зайсан ауданының ауылшаруашылық саласына елеулі үлес қосып жүр. Салтанатты шарада отбасыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.