Түбіртекті сканерлеп, ақшалай қайтарым ал! 15 сәуірден бастап «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Мемлекеттік кірістер комитетінің бастамасымен “Amian” мобильдік қосымшасы іске қосылды. Жоба мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайтып, халықтың салықтық мәдениетін арттыру.
Жобаға кез келген азамат қатыса алады. Бастысы көрсетілген қызмет, не болмаса жасаған саудаңыз үшін төленген қаржыны мақұлдайтын фискалдық түбіртек алу жеткілікті. Осы чекті сканерлеу арқылы әр сатып алынған сомманың 2 пайызын сыйақы ретінде ала аласыз.
Жоба тек кәсіпкерлер үшін ғана емес, тұтынушылар үшін де тиімді. “Amian”-да орнатылған сараптама жүргізу функциясы арқылы әрбір қолданушы қай салаға қанша қаражат жұмсағанын көріп, шығынын тиімді жоспарлай алады. Ақшалай қайтарым сатып алушының шотына екі аптаның ішінде түседі.
“Amian” қосымшасы – салықтық тәртіпті күшейтуге және тұтынушылардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған заманауи құрал. Науқан жыл соңына дейін жалғасады. Жоба барысында жиналған ұсыныстар мен пікірлер негізінде қосымшаны одан әрі жетілдіру көзделіп отыр.