Зайсан ауданына қарасты Көгедай ауылында соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Сіләмғали Базаровтың құрметіне тарих кабинеті ашылды. Ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен мұрасын ұлықтауға арналған шараға әріптестеріміз де барып қайтты.

Сіләмғали Базаров 1922 жылы 19 қаңтарда Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары бірінші және екінші Беларусь майдандарында шайқасып, ерлік танытқан. Ол сұрапыл соғыста бес рет жарақат алған. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталған. Соғыстан кейін ұстаздық жолды таңдап, Көгедай, Қарабұлақ, Айнабұлақ ауылдарындағы мектептерде директор қызметін атқарған.

Бүгінде Сіләмғали Базаровтың жолын оның балалары мен немерелері ғана емес, келіндері де жалғастырып, ұстаздық қызметте жүр. Биыл бұл педагогтер әулеті мерейтойларын атап өтпек.

Мұндай шара тек ұлағатты ұстазға құрмет ғана емес, оқушылардың рухани және патриоттық құндылықтарын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.