Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыс орталығындағы маңызды құрылыс нысанына барды. Аймақ басшысы қаланың көше-жол желісінің ең көп көлік жүретін учаскесіндегі жұмыспен танысты. Жаңа жол айрығы жолға түсетін көлік жүктемесін едәуір жеңілдететін болады.
Өскемендегі ең үлкен инфрақұрылымдық жобаның бірі. Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы екі деңгейлі жол айрығын салу барысын өңір басшысы өз көзімен көріп, қадағалап қайтты. Инженерлік желілерді көшіру жұмыстарының 90%-ы аяқталды. 219 көпір өткелі құрылымдары дайындалып жатыр. Жұмыс екі ауысымда кестеге сай жүріп жатқаны айтылды. Облыс әкімінің айтуынша, жоба облыс орталығы үшін үлкен маңызға ие. Көлік жүргізушілеріне қозғалыс уақытын едәуір қысқартуға және Базовая көшесі мен Меновное ауылын қамтитын төрт бағыт бойынша оңай жүріп өтуге мүмкіндік береді. Қозғалыс жолақтарының саны да артады.
Жол айрығы күрделі жол қиылыстарын қысқартып, бағдаршамдарды азайтуға мүмкіндік береді. Тиісінше жол жүру уақыты да азаяды. Жол учаскесінің өткізу мүмкіндігі 2,5 есе артып, тәулігіне 85 мыңнан 200 мың көлікке дейін жетеді.