Облыс орталығында мектеп оқушылары металлургия өндірісімен танысу мақсатында «Казцинк» ЖШС-не барып, жұмысшы мамандықтар туралы жан-жақты мәлімет алды. Экскурсия барысында жастар кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл сапар шәкірттер үшін болашақ мамандық таңдауына жаңа бағыт беріп, металлургия саласының маңызды рөлін түсінуге мүмкіндік туғызды.

Мектеп оқушылары «Казцинк» ЖШС еңбек ресурстары басқармасының корпоративтік университетінде ұйымдастырылған Ашық есік күніне қатысты. Білім алушы жастар жұмысшыларға жасалып жатқан әлеуметтік қолдаулар мен олардың өңір экономикасына қосып жатқан үлесі жайлы мол ақпарат алды.

 «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында мұндай кездесулер апта сайын өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда 300-ге жуық мамандық бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, студенттер өндірістік тәжірибе барысында еңбекақы алып, «Казцинк» шәкіртақысын иелене алады.

Шараға келген жастар мамандарға сұрақтарын қойып, өндіріс барысы, мамандықтар мен болашақ мүмкіндіктері жайында толық ақпарат алды.

Бұл экскурсия мектеп оқушыларына металлургия саласының қыр- сырын, жұмысшы мамандықтарының маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.